«Тілге бойлау» бағдарламасы аясында «Ақмола облысы білім басқармасының Жақсы ауданы бойынша білім бөлімінің Киевское ауылының жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жанындағы шағын орталықта тәрбиешілер Клепацкая А.В. мен Филонова В.М. тәрбиеленушілерге қазақ халық ертегісі «Қу түлкіні» оқып берді.
Сабақ барысында балалар кейбір жануарлардың қазақша атауларымен танысып, кейіпкерлердің диалогтық сөздерін тыңдап, өздері де қайталап айтуға тырысты. Балалар түлкінің айлакерлігін, жолбарыстың аңқаулығын талқылап, ертегінің тәрбиелік мәні туралы өз ойларымен бөлісті.
Тәрбиеленушілер қазақ тіліндегі жекелеген тіркестерді дауыстап оқып көріп, өз сөздік қорын кеңейтті және тілдік дағдыларын жетілдірді. Сабақ қызықты да жылы атмосферада өтіп, балалардың қазақ халқының мәдениеті мен тіліне деген қызығушылығын арттырды.
Қу түлкі (қазақ халқының ертегісі)
Жолбарыс бір түлкіні ұстап алады. Түлкі құйрығын бұлаңдатып, тұмсығын жоғары көтеріп:
- Мені жей алмайсың! Мен осы орманға қожалық етуге келгенмін,—дейді.
Жолбарыс түлкіге олай бір, былай бір қарап, сенбей:
- Мүмкін емес,— дейді.
- Сенбесең, менімен бірге орманға жүр. Ондағы барлық аңдардың менен қалай қорқатынын өз көзіңмен көр, — дейді түлкі.
Жолбарыс бұған келіседі. Түлкі жолбарыстың алдына түсіп, паңдана жүріп отырады. Жолбарысты көріп аңдар мен құстар зәресі ұшып, тым тырағай қашады, ұялары мен індеріне тығылады, аспанға ұшады. Ал қу түлкі басын онан сайын көтере түсіп:
- Ал, енді көзің жеткен шығар! Менен қорықпайтын жан бар ма тірі?— деп мақтанады.
- Я, сен шынында да айбарлы екенсің,— деп алданған жолбарыс жайына кетеді.
